ISSN: 3105-7888, 3105-7896 mse.journal@ksph.kz

Авторларға

«Medicine, Science and Education» ғылыми-практикалық журналы қоғамдық денсаулық және қоғамдық денсаулық сақтау, эксперименттік және клиникалық медицина, медициналық білім беру бағыттары бойынша қазақ, орыс және ағылшын тілдеріндегі қолжазбаларды қабылдайды.

Қолжазбаға қойылатын талаптар жарияланымның түрі мен зерттеу дизайнына қарай айқындалады.

1. Қолжазбаны ұсыну шарттары

Қолжазба барлық авторлардың келісімімен ұсынылады және бір мезгілде басқа журналдың қарауында болмауға тиіс. Авторлар ұсынылған мәліметтердің дұрыстығын, деректер мен сілтемелердің тексерілгенін және пайдаланылған материалдарға қатысты құқықтардың сақталғанын растайды.

Жұмысқа байланысты мақалалар, препринттер, диссертациялар, конференция тезистері және тіркелген хаттамалар туралы мәліметтер тұрақты сілтемелерімен бірге ілеспе хатта көрсетіледі. Мұндай материалдардың болуы өздігінен қайталама журналдық жарияланым болып саналмайды. Бір іріктеменің деректерін қайта талдау дербес зерттеу сұрағына жауап беруге және байланысты жұмыстарға сілтемелерді қамтуға тиіс.

Қолжазбалар журналдың электрондық жүйесі арқылы ұсынылады. Техникалық ақау болған жағдайда материалдар кейіннен жүйеге енгізу үшін mse.journal@ksph.kz мекенжайына жіберіледі.

2. Жарияланым түрлері, көлемі және құрылымы

Жарияланым түріНегізгі мәтін көлеміҚұрылымы және аңдатпасы
Түпнұсқа мақала5 000 сөзге дейінКіріспе; материалдар мен әдістер; нәтижелер; талқылау; шектеулер; қорытынды. Құрылымдалған аңдатпа — 200–300 сөз.
Жүйелі шолу немесе метаталдау6 000 сөзге дейінЗерттеу сұрағы; хаттама; қайталап жүргізуге болатын іздеу; іріктеу; жүйелі қателік қаупін бағалау; синтез; талқылау және шектеулер. Аңдатпа — 200–300 сөз.
Талдамалық шолу6 000 сөзге дейінМақсат; іздеу және іріктеу тәсілі; тақырыптық талдау; сыни талқылау; шектеулер; қорытынды. Аңдатпа — 200–300 сөз.
Қысқаша зерттеу хабарламасы2 500 сөзге дейінӘдістері толық сипатталған ықшам зерттеу құрылымы. Аңдатпа — 150–250 сөз.
Клиникалық жағдай2 500 сөзге дейінНегіздеме; пациент туралы мәліметтер; хронология; диагностика; емдеу; нәтижелер; талқылау; жариялауға келісім. Аңдатпа — 150–250 сөз.
Зерттеу хаттамасы4 000 сөзге дейінНегіздеме; мақсаттар; егжей-тегжейлі әдістер; нәтиже көрсеткіштері; талдау жоспары; этика; тіркеу; зерттеу кезеңдері. Аңдатпа — 200–300 сөз.
Әдіснамалық мақала4 000 сөзге дейінМәселе; әдісті сипаттау; тексеру немесе валидация; салыстыру; қолданылу аясы және шектеулер. Аңдатпа — 200–300 сөз.
Ғылыми хат1 500 сөзге дейінТалқылау нысаны; дәлелдер; декларациялар. Жаңа деректер ұсынылса — әдістер, нәтижелер және сыртқы сараптама.
Редакциялық мақала1 500 сөзге дейінРедакциялық ұстаным немесе ғылыми түсіндірме; дәлелді тұжырымдар; декларациялар. Жаңа зерттеу деректері бар материалдар сыртқы рецензиялаудан өтеді.

Ғылыми негіздеме болған жағдайда белгіленген көлемнен асыруға редактордың келісімімен жол беріледі. Әдебиеттер тізімінің құрамы мен көлемі жұмыстың мазмұнына және дәлелдер базасының жеткіліктілігіне қарай айқындалады.

3. Ұсынылатын материалдар

Қолжазбамен бірге мыналар ұсынылады:

  • авторларды анықтайтын мәліметтерден тазартылған негізгі қолжазба, DOCX форматында;
  • бөлек титулдық парақ және авторлар туралы мәліметтер;
  • ілеспе хат;
  • әр автордың жеке растауы мен декларациялары;
  • кестелер, суреттер және қосымша материалдар;
  • қолданылатын есептілік нұсқаулығының толтырылған бақылау тізімі;
  • зерттеудің сипатына сәйкес этикалық құжаттар, келісімдер және рұқсаттар;
  • клиникалық сынақ үшін — тіркеу мәліметтері, күні мен нұсқасы көрсетілген хаттама және статистикалық талдау жоспары.

Ілеспе хатта мақаланың атауы, түрі мен тақырыптық бағыты, жауапты автор, зерттеу сұрағының маңыздылығы, жұмыстың негізгі үлесі және журнал бейініне сәйкестігі көрсетіледі.

Титулдық парақта үш тілдегі атау, мақаланың түрі мен тақырыптық бөлімі, авторлардың келісілген нұсқадағы аты-жөндері, ұйымға қатыстылығы, қаласы, елі, электрондық пошта мекенжайлары және ORCID беріледі. ORCID көрсетуге объективті мүмкіндік болмаған жағдайда тексеруге болатын институционалдық профиль ұсынылады. Жауапты автор бөлек белгіленеді. ӘОЖ және ҒТАМР мақала мазмұнына сәйкес көрсетіледі.

Әр автор үшін мақала тіліндегі және латын графикасындағы аты-жөні, бар болса ғылыми дәрежесі мен атағы, лауазымы немесе білім алушы мәртебесі, ұйым мен бөлімшенің толық ресми атауы, CRediT рөлдері қосымша беріледі. Жауапты автордың телефоны редакцияның ішкі байланысы үшін пайдаланылады және жеке келісімсіз жарияланбайды.

4. Рәсімдеу және авторлар туралы мәліметтерді алып тастау

Негізгі қолжазбаға қойылатын техникалық талаптар:

  • бет пішімі — А4;
  • қаріп — Times New Roman, 12 пункт;
  • жоларалық интервал — 1,5;
  • жиектер — кемінде 2 см;
  • беттерді ретімен нөмірлеу;
  • мәтін, кестелер және формулалар — өңдеуге болатын форматта.

Рецензиялауға қолайлы болуы үшін жолдарды нөмірлеу ұсынылады.

Негізгі қолжазбадан авторлардың аты-жөндері, ұйымдары, авторды анықтауға мүмкіндік беретін алғыстар, файл қасиеттеріндегі мәліметтер және авторлықты тікелей көрсететін өзге ақпарат алынып тасталады. Ғылыми тұрғыдан қажетті өзіндік дәйексөздер бейтарап түрде сақталады. Толық декларациялар мен этикалық құжаттар редакторға бөлек беріледі; тиісті мәліметтер анонимді сараптамадан кейін мәтінге қайта енгізіледі.

Кестелер мен суреттер мәтінде аталу ретімен нөмірленеді. Олардың негізгі мәтінге жүгінбей түсінуге болатын атаулары, өлшем бірліктері, қысқартулардың түсіндірмелері және қажетті ескертпелері болуы тиіс. Кескіндер тексеруге және жариялауға жеткілікті сапада ұсынылады; түпнұсқалары сақталады. Құрама кескіндер мен жүргізілген өңдеу көрсетіледі. Үшінші тарап материалдарын пайдалануға рұқсаттар мақала қабылданғанға дейін ұсынылады.

5. Атау, аңдатпа және түйін сөздер

Атау, аңдатпа, түйін сөздер және авторлар туралы мәліметтер қазақ, орыс және ағылшын тілдерінде беріледі. Үш тілдегі нұсқаларда фактілер, сандық деректер және қорытындылар бірдей болуы тиіс. Машиналық аударманы маман міндетті түрде тексереді.

Атау зерттеу сұрағы мен дизайнын дәл көрсетуге тиіс. Әр тілде үштен алтыға дейін термин немесе тұрақты сөз тіркесі түйін сөз ретінде беріледі. Медициналық ұғымдар үшін MeSH пайдалану ұсынылады.

Түпнұсқа зерттеудің аңдатпасы мақсатты, материалдар мен әдістерді, нәтижелерді және қорытындыны қамтиды. Қажет болған жағдайда негізгі сандық деректер мен белгісіздік көрсеткіштері келтіріледі. Аңдатпада әдебиеттерге сілтемелер, мақалада жоқ мәліметтер немесе себеп-салдарлық байланыстар туралы негізсіз тұжырымдар болмауы тиіс.

Шолу аңдатпасында нақты қолданылған іздеу және синтез әдістері, клиникалық жағдай аңдатпасында бақылау мен негізделген қорытынды сипатталады.

6. «Ғылыми контекстегі зерттеу» бөлімі және есептілік

Түпнұсқа зерттеулер мен жүйелі шолуларда аңдатпадан кейін мақала тілінде 250 сөзге дейінгі «Ғылыми контекстегі зерттеу» бөлімі беріледі:

  • «Бұған дейін не белгілі болды»;
  • «Зерттеу қандай жаңа мәлімет қосады»;
  • «Нәтижелердің маңызы».

Авторлар қолда бар дәлелдерді бағалау негізін, жұмыстың нақты үлесін және нәтижелердің практика, саясат немесе кейінгі зерттеулер үшін негізделген маңызын көрсетеді. Жүйелі шолудың алдыңғы шолулардан айырмашылығы түсіндіріледі. Бұл бөлім кіріспе мен талқылауды алмастырмайды.

Ғылыми үлес «зерттеу алғаш рет жүргізілді» деген тұжырыммен шектелмеуге тиіс. Авторлар қандай ғылыми олқылықтың толықтырылатынын, таңдалған дизайнның зерттеу сұрағына неліктен сәйкес келетінін және нәтижелердің қандай жағдайда қолданылатынын түсіндіреді.

Зерттеу дизайнына қарай мына нұсқаулықтар қолданылады:

Зерттеу дизайныНұсқаулық
Рандомизацияланған сынақ және оның хаттамасыCONSORT 2025; SPIRIT 2025; тиісті кеңейтімдер
Бақылаулық зерттеуSTROBE және қолданылатын кеңейтімдер
Жүйелі шолу және метаталдауPRISMA 2020; зерттеу аясын қамтитын шолу үшін PRISMA-ScR; хаттама үшін PRISMA-P
Диагностикалық дәлдік немесе болжамдық модельSTARD; TRIPOD және қолданылатын кеңейтімдер
Клиникалық жағдайCARE
Жануарларға жүргізілген зерттеуARRIVE 2.0
Сапалық зерттеуCOREQ немесе SRQR
Экономикалық бағалауCHEERS 2022
Медициналық көмек сапасын жақсартуSQUIRE 2.0

Қолжазба беттері көрсетілген толтырылған бақылау тізімі қоса беріледі. Баяндау шолуларында әдебиеттерді іздеу мен іріктеу, сыни талдау және шектеулер сипатталады.

7. Авторлық, этика және міндетті декларациялар

Әр автор ICMJE-дің барлық төрт өлшеміне сәйкес келуге тиіс: зерттеуге елеулі үлес қосу; мәтінді дайындауға немесе мазмұндық тұрғыдан қайта өңдеуге қатысу; соңғы нұсқаны мақұлдау; жұмыстың дұрыстығы мен ғылыми адалдығына жауап беруге дайын болу. Үлес CRediT рөлдері бойынша сипатталады.

Әрбір бірлескен автор қол қойылған немесе тексерілетін электрондық растауы бар жеке мәлімдеме ұсынады. Жауапты автордың келісімі жеке растауларды және мүдделер туралы мәліметтерді алмастырмайды.

Негізгі мәтіннен кейін мына мәліметтер беріледі:

  • авторлардың үлесі;
  • қаржыландыру, грант және демеушінің рөлі;
  • мүдделер қақтығысы;
  • этикалық мақұлдау;
  • қажет болған жағдайда зерттеуге қатысуға және бөлек жариялауға келісім;
  • зерттеуді тіркеу;
  • деректер мен қосымша материалдардың қолжетімділігі;
  • генеративті ЖИ пайдалану;
  • алғыстар мен рұқсаттар.

Қаржыландырудың, мүдделер қақтығысының немесе генеративті ЖИ пайдаланудың жоқтығы тікелей көрсетіледі. Жекелеген декларациялардың қолданылмау себебі негізделеді.

Түпнұсқа зерттеулерде бастапқы деректерге тікелей қол жеткізіп, оларды тексерген авторлар аты-жөнімен көрсетіледі. Бірнеше авторы бар жұмыста тексеруді кемінде екі автор растайды; академиялық және коммерциялық серіктестік жағдайында олардың кемінде біреуі академиялық ұйымның өкілі болуы тиіс. Бір авторлы жұмыста тексеруді автор растайды, ал редактор қажетті тәуелсіз тексерудің көлемін анықтайды.

Этикалық мақұлдау талап етілсе, ол тиісті зерттеу рәсімдері басталғанға дейін алынуға тиіс. Комитеттің атауы, шешімнің күні мен нөмірі көрсетіледі. Клиникалық жағдайды жариялау үшін пациенттің немесе заңды өкілінің құжатпен расталған келісімі қажет.

Клиникалық сынақ алғашқы қатысушының зерттеуге қосылуға келісімі алынғаннан кешіктірілмей WHO ICTRP желісінің бастапқы тізілімінде немесе ClinicalTrials.gov жүйесінде тіркеледі. Қолданылатын ұлттық талаптар да сақталады. Тіркеу нөмірі аңдатпаның соңында беріледі. Кеш тіркеу ашық көрсетіліп, редакция шешімімен тек негізделген ерекше жағдай ретінде қарастырылады.

Жүйелі шолу үшін хаттама мен тіркеу туралы мәліметтер немесе олардың жоқтығы түсіндірмесімен беріледі. Әр ғылыми мақалада деректердің қолжетімділігі туралы мәлімдеме болуы тиіс; шектеулер мен қол жеткізу тәртібі сипатталады. Клиникалық сынақтар үшін қолжетімді деректер мен құжаттардың құрамы, мерзімі, шарттары және қол жеткізу тетігі көрсетіледі. «Әлі шешілген жоқ» деген тұжырым қабылданбайды.

Генеративті ЖИ қолданылуы ілеспе хатта және қолжазбада ашып көрсетіледі: құрал, қолжетімді нұсқасы, мақсаты, қолданылған кезеңі және адамның тексеруі. Мазмұн жасамайтын қарапайым емле тексеруі бөлек мәлімдеуді талап етпейді.

8. Әдебиеттер тізімі

Нөмірленген Vancouver стилі қолданылады. Дереккөздер алғаш аталу ретімен орналасады, мәтіндегі сілтемелер тік жақшада беріледі. Қайта сілтеме жасалғанда бастапқы нөмір сақталады. Дереккөздер отандық және шетелдік болып бөлінбейді.

Журнал мақаласының библиографиялық жазбасында авторлар, мақала атауы, журнал атауы немесе дұрыс қысқартылған нұсқасы, жыл, том, нөмір, беттер не мақала нөмірі және бар болса DOI көрсетіледі. Авторлар саны көп болса, алғашқы алты автор және et al. беріледі. Интернет-дереккөздер үшін URL мен қаралған күн көрсетіледі. Әр сілтеме бастапқы дереккөз бойынша тексеріледі.

Кирилл немесе өзге латыннан бөлек жазудағы дереккөздер болса, сол нөмірлеу мен құрамды сақтай отырып, латын графикасындағы References бөлімі қосымша дайындалады. Баспагердің ресми латынша жазбасы, ал ол болмаған жағдайда редакция таңдаған транслитерация жүйесі қолданылады. Атаудың аудармасы тік жақшада, түпнұсқа тілі жазбаның соңында беріледі. DOI сақталады.

Шетелдік дереккөздерге, өзіндік дәйексөздерге немесе журналға сілтеме жасауға міндетті үлестер белгіленбейді. Препринттер мен кері қайтарылған мақалалардың мәртебесі анық көрсетіледі.

9. Түзету және жариялауға дайындау

Түзету кезінде авторлар өңделген қолжазбаны және әр ескертуге енгізілген өзгерістерді немесе негізделген келіспеушілікті көрсететін тармақтық жауаптарды ұсынады. Аздаған түзетуге 14 күнтізбелік күн, елеулі түзетуге 30 күнтізбелік күн беріледі. Мерзім келісім бойынша ұзартылуы мүмкін.

Қабылданған мақаланың корректурасы барлық бірлескен авторлармен келісу үшін жауапты авторға жіберіледі. Әдеттегі жауап мерзімі — бес жұмыс күні.

Жариялауға дейін бөлек баспа келісімі және дербес деректерді өңдеуге келісім рәсімделеді. Рецензиялау, төлем, лицензиялау және апелляцияларды қарастыру шарттары сайттың тиісті бөлімдерінде берілген.