ISSN: 3105-7888, 3105-7896 mse.journal@ksph.kz

Шағымдар мен апелляциялар

«Medicine, Science and Education» журналы ғылыми шешімдерге қатысты апелляцияларды, сондай-ақ жарияланым этикасына, редакциялық рәсімдердің сапасына және мүдделер қақтығысына байланысты шағымдарды қарастырады. Өтініштер тәуелсіз түрде, мүдделер қақтығысы бар тұлғалардың қатысуынсыз қаралады.

1. Редакциялық шешімге апелляция беру

Автор қолжазба бойынша ғылыми шешімді алғаннан кейін 30 күнтізбелік күн ішінде апелляция беруге құқылы.

Апелляция редакцияның ресми электрондық поштасына жіберіледі: mse.journal@ksph.kz.

Өтініште мыналар көрсетілуі тиіс:

  • қолжазба нөмірі;
  • шешімді қайта қарауға негіз болатын нақты фактілік немесе рәсімдік қателер;
  • растайтын материалдар.

Теріс бағамен дәлелсіз келіспеу шешімді қайта қарауға негіз болмайды.

2. Тәуелсіз қарастыру

Апелляцияны бастапқы шешімді қабылдауға қатыспаған және мүдделер қақтығысы жоқ редактор қарайды. Қажет болған жағдайда үш тәуелсіз сарапшыдан тұратын комиссия құрылады.

Бас редактордың шешіміне апелляция берілсе, қарастыруды оның қатысуынсыз редакциялық кеңестің сыртқы мүшелері ұйымдастырады. Тәуелсіз құрам болмаған жағдайда сыртқы мамандар тартылады.

Шешім және оны қабылдау тәртібі редакциялық досьеде тіркеледі. Қайталама өтініш жаңа елеулі мән-жайлар пайда болған жағдайда қарастырылады.

3. Қарастыру мерзімдері

Шағымның немесе апелляцияның қабылданғаны бес жұмыс күні ішінде расталады.

Негізделген жауап 30 күнтізбелік күн ішінде жіберіледі. Сыртқы тексеру қажет болса, өтініш берушіге себептері түсіндіріліп, мерзім ұзартылуы мүмкін.

4. Этика мен редакциялық рәсімдерге қатысты шағымдар

Жарияланым этикасының бұзылуына, редакциялық үдерістің сапасына немесе мүдделер қақтығысына қатысты шағымдар ғылыми апелляция үшін белгіленген мерзімге қарамастан берілуі мүмкін.

Редакцияның әрекеттеріне қатысты өтініштер баспагер — «ҚДСЖМ» Қазақстандық медицина университеті» ЖШС-нің ресми байланыс арнасы арқылы да жолданады.

Тексеру барысында адал ниетпен өтініш берген тұлғалардың қорғалуы қамтамасыз етіледі. Анонимді хабарламалар ондағы мәліметтердің нақтылығы мен тексеруге болатындығына қарай бағаланады.

5. Ықтимал бұзушылықтар туралы хабарламалар

Бұзушылықтар туралы негізделген хабарламалар жариялауға дейін де, жарияланғаннан кейін де, мақаланың шыққан уақытына қарамастан қарастырылады. Тексеру үшін мүдделер қақтығысы жоқ жауапты тұлға тағайындалады; бастапқы материалдар, нұсқалар және дәлелдер сақталады.

Авторларға маңызды мән-жайлар хабарланып, жауап беруге жеткілікті мерзім, әдетте 14 күнтізбелік күн, беріледі. Қажет болған жағдайда редакция бастапқы деректер мен түсініктемелерді сұратады, ал зерттеудің ғылыми адалдығына қатысты мәселелерді жұмыс орындалған ұйымға немесе өзге құзыретті органға жолдайды.

Тексеру аяқталғанға дейін көпшілікке арналған мәлімдемелер бейтарап түрде беріліп, кінәлілік алдын ала белгіленбейді. Редакция жарияланған ғылыми ақпараттың сенімділігіне жауап береді және тәртіптік тергеп-тексеруді алмастырмайды.

Тексеру нәтижелері жарияланған материалға өзгеріс енгізуді талап етсе, «Түзетулер және мақалаларды кері қайтару» бөлімінде көрсетілген рәсімдер қолданылады.